Байланыс телефондары:
+7(7172) 20–44–53
+7(701) 533-12-29
» » Роза Мұқанова: Әкім Таразиды қара тырнағымнан хәл кеткенше сүйемін…

Роза Мұқанова: Әкім Таразиды қара тырнағымнан хәл кеткенше сүйемін…

07 декабрь 2012, Пятница
1 440
0
Астана. 7 желтоқсан. BAQ.kz   Роза апай, біраз жыл ҚР Сенат төрағасы хатшылығының бас сарапшысы деген жауапты қызмет атқардыңыз. Ол қызметтен кеткеніңізде шығармашылықтың ауылына біржола бет бұрған шығар деп топшылап едік. Одан бері де біраз уақыт өтті, алайда мерзімдік баспасөздегі бір-екі әңгімеңізден басқа сүбелі дүние көрмедік десем, қателеспейтін шығармын? 
                                              Ол рас… Мемлекеттік қызметтен кеткеніме бір жылдан асты. Оқығым келген дүниелерді оқуға, білмейтінімді толтыруға мүмкіндік іздедім. Шығармашылықпен айналысқым келді. Уақытым ұрланып бара жатты. Өзіме көңілім толмау дерті ұлғайды, сол дертті емдеу қажет болды. Ой бөлудің орнына орындаушы болғаным, шындықтың төркіні алыстап, өтіріктің жүйрігі озғанын көргенім, жасампаздықтан гөрі жағымпаздыққа бой үйрете бастауым қауіпімді күшейтті. Өмірде мұндай қадамдар да жасау керек болды.
Жалпы, мемлекеттік жүйеде жұмыс істегеніме өкінішім жоқ. Әкім ағаңа тұрмысқа шыққанда ол кісінің басында үйі, қолында қызметі болмағанын білесің. Ағаң зейнеткер, балалар жас болды. 90-жылдардағы халықтың жағдайы да төмен еді. Міне сол кезде жазу да, жұмыс істеу де керек болды. Біз тірнектеп жинап, тиын санап өмір сүрдік. Менің мемлекеттік қызметке баруым – тұрмыстың төмен болғандығынан. Жазып өмір сүру мүмкін болмады. Тұрақты айлық болмаса күн көру қиын еді. Сондай сәтте мені және отбасымды тұрақты жалақы сақтап қалды. Әкім ағаң екі жерде, мен екі жерде жұмыс істеген күндеріміз де болды. Әрине 20 жылда тек шығармашылықпен айналысқанымда, талай дүние жазылған да болар ма еді. Жазылмағаны – уақыттың тапшылығынан, тұрмыс-тіршіліктің қазығына ноқталанғаннан деп білемін. Бірақ ол да – өмір. Өмірге билік жүрмейді, өмір жоспарға бағынбайды. Солай емес пе?
Мемлекеттік қызмет – үлкен мектеп. Менің өміріме, тағдырыма, болашағыма, тіпті қалыптасуыма жақсы әсері болды, оны жасырмаймын. Өмірбақи мемлекеттік қызметте жүріп, зейнетке шығатындар бар. Мен ондай «ерлікке» бара алмадым.

Дәл қазір қандай тақырыппен немесе қандай кейіпкермен «ауырып» жүрсіз?
– Саяси тақырыптар қызықтырады. Мемлекет қайраткерлерінің өмірі, ұстанымы, трагедиясы. Патшалардың бақытты болғаны жоқ. Ерлік те жасайды, мемлекет те құрады, барлық әлем өз қолында тұрған дәуірді де бастан өткізеді, бірақ бақытты бола алмай өтеді жалғаннан. Неге?
 Неге екен? Жауабын таптыңыз ба?
– Бақытсыздығы – дәуірдің тозып, дәуреннің мұқалғаны. Мәңгілік еместігіне сана-көзінің жеткені.

«Мұқағали» деген шығармаңыз қиялдан туған дүние ме, әлде… Келіншектің прототипі бар ма?
– Мұқағали ақынды өмірде көргенім жоқ, бірақ Лашын апаймен көп сырластым. Мұқағали Мақатаевтың күнделіктерін Орталық мұрағатқа өткізуін апайға түсіндіріп жүріп, алғашқы қордың ашылуына мен мұрындық болып едім. Лашын апай Мұқағалиды ерекше жақсы көрген, кесек мінезді әйел. Менің «Мұқағали» деген әңгімем «Қазақ әдебиеті» газетіне шықты. Әңгіме шыға сала Лашын апайға бір ақынның жесір әйелі (ол бүгінде бар) телефон шалып: «Мына қызды құрт! Мұқағалиға тіл тигізіпті. «Басқа біреумен Мұқағали сырлас болыпты, сенен басқаны сүйіпті» деп жазыпты мынау…» деген ғой.
Сонда марқұм Лашын апамыз: «Мұқағалиды» мен де оқып шықтым. Ондай ештеңені байқамадым, Розаның әңгімесі маған ұнады. Мұқағали жайлы осы уақытқа дейін бірде-бір мұндай әңгіме жазылған жоқ», – депті. Сөйтіп, жаңағының дымы құрыпты. Лашын апайда шайпаулық та, көпсөзділік те болған емес, біртоға жан еді, жарықтық. Ал «Мұқағали» әңгімесінде шындық та, қиял да бар.
 Мемлекеттік грантты жеңіп алған пьесаңыз – «Мысықтар патшалығы» неліктен сахналанбады?
– Себебін білмеймін, М.Әуезов театрының директоры Е. Обаев мырза менімен келісімшарт жасап, пьесаны сатып алды. Б.Атабаев қоятын болды. Ақыры 4-5 жылға созылып, құрдымға кетті. Бірақ «ХХІ ғасырдағы қазақ әдебиеті» атты монографиядағы А.Қалиеваның «Мысықтар патшалығы» туралы зерттеу мақаласы мені таңқалдырды. Пьеса сахнаға қойылмағанымен, оқырмандар арасынан өз мәресіне жеткеніне қуандым.
 Бәлкім, ол шығарма бүгінгі «мысықтар патшалығы» туралы болған соң қойылмаған болар?.. 
– Адамдар қоғамының билік құрылымына ұқсағанымен, мысықтар табиғатының ерекшелін алған едім. Шығармада психологиялық астар, сарказм басым еді. Бұл шығарма тәуелсіз драматургия жүлдесін жеңіп алған болатын. Бірақ көрерменге жол таппады.
 «Жас драматургтер неге жоқ, неге жазбайды?» деген мәселе күн тәртібінен түскен жоқ. Соның себебін сіз қалай түсіндірер едіңіз?

– Драматургияның жанр ретінде табиғаты күрделі. Драматург ағаларымыздың өзінің шығармалары әлкі-тәлкі болып шығатынын көріп жүрсіз. Қазақта кәсіби драматург екі-үш қана адам. Жастар драматургияға келуі керек. Олар театрға жол салуы керек. «Жоқ-жоққа» салып отыра берсе, бізге кім әкеліп береді. Театр директорлары өздері пьеса жазып, театрды өздерін насихаттайтын алаңға айналдырып алды. Олар драматург пен театрды байланыстыратын дәнекер ғана. Театр директоры ешқашан классик болған емес. М.Әуезов, Ғ.Мүсіреповтың да дәуірінде театр директорлары болған, бірақ олар өз жолын, шамасын білген. Бізде реформа жүрмеген бір ұйым бар, ол – театр. Тәуелсіз ел болғалы театр жаңарған жоқ. Жаңа ой, жаңа талғамды қалыптастыратын, рухани тәуелсіздіктің жүгін театр бұл күнде көтере алмай отыр.

Мен сізге болған бір жағдайды айтайын. Әкім Тарази мемлекеттік сыйлықты тағайындау комиссиясының мүшесі. Сол сыйлықтан дәмелі театрдың директоры Таразиға бата алмай, маған өтініш жасап, үйге тіл шалды. «Саған не үшін мемлекеттік сыйлық берілуі керек, жазушы емессің, драматург емессің, актер, режиссер емессің…» деймін ғой. Әлгі пақырдың ұялатын түрі де жоқ. «Мен театр директорымын. Егер мен ол шығарманы театрыма қойдырмасам, драматургті кім біледі? Менің арқамда ғана менің театрыма қойылды…» дейді сабазың. Байқайсыз ба, театрды мемлекет емес, әкесі оған салып беріп кеткендей. Ұятты айтпайтын болдық қой бұл күнде, мемлекеттің алдындағы жауапкершіліктері қайда? Бұл шатасудың сыры не? Қазір театрлардың әрқайсысы – бір-бір патшалық. «Бас-басына би болған өңкей қиқым». Әйтпесе, драматургтер бар, жас дрматургтер де бар. Бірақ оларға театрдың мәртебелі директорларының көңілі хош емес. Олар өздерінің балаганын қойғаннан әріге бара алмай отыр.
Бүгінгі әдебиет жайлы пікіріңіз қандай?
– Бүгінгі әдебиет жайлы пікір айту қиын. Әдебиетке келген жаңа есімдерді білмеймін.
– Неге? Бүгінгі әдебиет сізді қызықтырмай ма? Әлде жас жазушылардың көңіліне қарап, пікір айтудан қалыс қалып отырсыз ба?
– Жоқ, олай емес. Пікір айтылуы үшін, олар шығарма тудыруы керек емес пе?
 «Ең мықты прозаик кім?» деген сауал да әдеби ортада талқыға түсіп жатады. Осы туралы сіз не айтасыз?
– Осы тақылеттес сұрақты интернеттен де көрдім. Қазіргі прозаның дені мақалаға көбірек жақын. Көтерген жүгі ақпараттық қана. Тілі, стилі, формасы да ақпараттық деңгейде. Әдебиетке тән көркемдік тәсіл, әдіс, формаларды жоғалтып алдық. Жадағайлық, бірізділік басым. Елең еткізер, селт еткізіп, жаныңды тындырар, сүйсіндіріп, сөз тудыртар даралықтан айырылып қалғандаймыз. Сурет те жоқ, ой да жоқ. Қара сөздің иіні қанбаған шикі, алаөкпе, жансыз тіркестері мезі етеді. «Жаза салайын, шыға салайын, жазған болып көрінейін» дейтін пиғыл үстемдік етіп тұрғандай. Қазіргі әдебиетте жасандылық басым. Әдеби процессте шын бәсекелестіктен гөрі, күндестік көбірек сияқты.
Өзін мықтымын деп санайтын әдебиетшілердің пендешіліктерін көргенде қарнымыз ашып-ақ қалады. Олардың кейбірінің ұсақтығы соншалық, өзінің оппоненті (бәсекелесі, қарсыласы десек те болады) туралы арсыз әңгімелер айтуға дейін барады. Ірі сөз айтуға тиіс ағаларымыздың қатынөсек айтып төмендейтіні неліктен?
– Мұндай көріністер әр дәуірде де болған. Ғажап талантты тұлғалар болған, бірақ өз дәуіріндегі таланттар жайлы мүлде кереғар пікірлер айтқан. Мандельштам Блокты да, Цветаеваны да мойындаған емес. Сәбит Мұқанов Мұхтар Әуезовті керемет мойындап, сүйсінбегені белгілі. Кешегі өткен Асқар Сүлейменов туралы Сәкен Жүнісовтің де басылымға шыққан пікірін оқығанбыз. Мұхтар Мағауиннің Шыңғыс Айтматов туралы жеке көзқарастары, пікірлері бар. Бірақ осындай пікірлер бар деп, жазушыдан безініп кеткен оқырманды көргенім жоқ. Әркім таңдағанын оқып келеді.
Жоқ, менің айтып отырғаным ол емес. Бір-бірінің шығармасын сынасын, мейлі, талантын мойындамасын, мейлі. Бірақ, шығармасын сынап пікір айту мен жеке басына тиісіп қатынөсек айту – екі бөлек нәрсе емес пе? Асыра мақтауды да, жағымпаздықты да қатыратын адамдар бар. Әңгіме олар туралы емес. «Бірін бірі батыр дейтін» ірі мінезге зәруміз деп ойламайсыз ба?
– Сіз айтып отырған ірілік бұл күнде қалған жоқ. Пайғамбарымызға сақабалары: «Ең жақсы адамдар кімдер?» деп сұрақ қойыпты. «Ең жақсы адамдар менің заманымдағылар. Сонан соң менен кейінгі адамдар» деп жауап беріпті. Содан бері қанша ғасыр өтті, дүние өзгерді, дәуір өзгерді, жер өзгерді, табиғат өзгерді. Біз адамнан – адамзатқа айналдық. Сіз ірі адамдарды іздейсіз. Қазіргі ірі деп танылған кез-келген тұлғаны алып қарашы. Өзіңді көргенде күле жақындап, қолыңнан сүйіп, айнала бере не айтып жатқанын құлағың шалғанда төбе-құйқаң шымырлайды. Тақ пен атақты қос-қолдап мініп, Құдай да болғысы келеді жұрт табынатын. Мен ірілікті іздемеймін, себебі күнделікті көргенім ұсақтық, екіжүзділік. Соларды ірі деп танып, табынғысы келетіндерге  жаным ашиды.

Ахмет Яссауи бір хикметінде:
“Пара жинап, ақша жеп, қазы болған ғалымдар,
Жанып жатыр тозақтың алауында жалындап.
Жалған айтқан мүфтилер қарашаны қинап тым,
Әбігер боп әрең тұр көпірінде сираптың…” дейді. Бұл сонау 12 ғасыр. Одан бері мың жылға  жуық уақыт өтсе де біз өзгермеппіз. Не себептен екен? Адамзат өзгеруі мүмкін бе?

– Адамзат талай өзгерер, бірақ Аллаға ұнайтындай өзгергенімізді тілеймін. Өзгерісіміз Аллаға ұнамаған сәтте-ақ біз құрдымға кетерміз.
– «Мұң» деген әңгімеңізде: «Уа, адамзатқа ой салар кейуана жоқ жалғанда. Тәңірім өзі біледі, күйкі тірлік алдамшы…» дейді бозбала. Адамзатқа ой салар кейуана болсаңыз, қандай ой салар едіңіз?
– Адам заңға емес – мейірімге бағынса, дүниеге емес – даналыққа тәуелді болса. Бірақ… бұл монастрьға ғана тән шығар…
Осы Дидар Амантай сізге неге өш?
– Білмедім. Қыз болса, «жігітін тартып алғам» дер едім. Мен оған кедергі жасайтын болармын. Өзінің жолы болмағандар үнемі басқаларды кінәлайтыны заңдылық.
Қазір әсем Астанамыздағы Өнер университетінде ұстаздық етіп жүрсіз. Ұстаздықтың сізге берері бар ма? Жастармен жұмыс жасаудың кереметі неде?
– Жастардың тәуелсіздігі, еркін ойлылығы ұнайды. Сол бағытта шығармашылық тудырса деген арман ниетім бар. Біздің буыннан гөрі, олар жаңашыл.
Сізді ерекше толғандыратын, уайымға салатын мәселе бар ма?
– Көп…
 Бір-екеуін айтыңызшы…
– Жаным жиі жұтайды…
Заманға артар өкпеңіз де жоқ емес шығар?
– Заманға өкпем жоқ. Өзіме артар өкпе көп.
Не үшін өкпелейсіз?
– Ең жақын деген адамдарыма құрметімді, сезімімді білдіре алмаймын. Көп ренжітем… Тез суынам, тез қайтам… Мұның бәрі берекесіздік, осыныма өкпелеймін.
Әкім ағамыз екеуіңіздің жас айырмашылық-тарыңыз жиі айтылды да, жазылды да. Әйел ретінде бақыттысыз ба?
– Бұл күнде Әкім ағаң мен Роза апайыңның жас айырмашылықтары ескірген әңгіме болып қалды ғой. Бізге дейін де болған, бізден кейін де болар. Ғабит Мүсірепов пен Рая Мұхамедиярованың бір-біріне жазысқан хаттарын оқығанда таңқалып едім. Ғабит ағай Раяны ғажап сүйген, көз жұмар алдында оның қара тырнағына дейін қастерлеп өтетінін айтыпты, жарықтық. Олардың адал махаббатына сына қаққан дұшпандары екеуін ажыратып тынды. Тобыр қазаққа керегі сол болды. Әңгіме, өсек-өтірік, дүрдараз. Құрманбек Жандарбеков пен Шолпан Жандарбекованың үйленгенін сөз етпеген жұрт қалмаған қазақта. Ғабит Мүсіреповтың күнделігін оқысаң көзің жетеді.
Мен де Әкім Таразиды қара тырнағымнан әл кеткенше сүйемін. Оған ешкім бөгет бола алмайды. Әкім Тарази – менің пірім. Менің таңдауым. Сіз айтып отырған жас айырмашылықты біз сезген емеспіз. Жалпы, жаспын дегенді бала кезімде де ойлаған жан емеспін. Менімен салыстырғанда Әкімнің балалығы, жастығы сақталған адам. Оның жанында өзімнің кекселігімнен, ескілігімнен, дәсүршілдігімнен ұяламын, бұл шыным.
 Өнер тудырушы ретінде ше, бақыттысыз ба?
– Иә, менің шығармашылығымдағы жұмбақ басқаларда жоқ. Менің қиялым да басқаларда жоқ, өзіммен ғана жаралған. Басқалар сияқты болмағаным үшін де бақыттымын.
Алпамыс пен Аруза не істеп жүр?
– Алпамыс – бозбала, Аруза – бойжеткен. Екеуі де Президенттің физика-математика зияткерлік мектебінде оқып жатыр.
Қос құлыныңыздың қызығын көріңіздер! Туған күніңіз құтты болсын! Әкім аға екеуіңіздің бақыттарыңыз ортаймасын!
Сұхбаттасқан
Сәуле ӘБЕДИНОВА 

http://old.baq.kz/kk/news/oner/roza-mukanova-akim-tarazidi-kara-tirnagimnan-hal-ketkenshe-suiemin-20341
Талқылау
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы
"Ақпараттық-технологиялық орталығы "РМР" Қоғамдық қоры